Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Ақмола облысында «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты вокалдық конкурс-фестивалі бастау алды. Шараны ұйымдастырушы – Ақмола облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы.
Бұл фестиваль – жай ғана ән кеші емес, бұл – соғыс жылдарындағы ерлік пен қайсарлықты жырлаған тірі музыкалық шежіре. Мақсаты – жас ұрпаққа Жеңістің бағасын ұғындыру, тарихты құрметтеуге баулу және майдан әндері арқылы мәдени мұраны сақтау, келер ұрпаққа жеткізу.
Байқауға Ақмола облысының қалалары мен аудандарынан келген вокалдық ансамбльдер, дуэттер және жеке орындаушылар қатысып жатыр. Конкурс екі кезеңнен тұрады: іріктеу және қорытынды. Финалдың шарықтау шегі – соғыс, Жеңіс және сарбаздар ерлігі жайлы әндер шырқалатын гала-концерт болмақ.
Бағдарламада ерекше орын Рамазан Елебаевтың шығармашылығына берілген. Соғыс жылдары майданда болған композитордың «Жас қазақ», «Сәтті сапар», «Жолдастар» сынды отансүйгіштік рухтағы әндері сахнада жаңғырып, тыңдаушы жүрегіне жол табады.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, фестивальдің тек байқаулық сипаты ғана емес, сонымен қатар бірлік пен тарихи жадыны жаңғыртуда да маңызы зор. Әрбір ән – жеке тағдыр, терең сезім мен шексіз алғыстың үні.
Гала-концертке қатысушылардың барлығы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады. Алайда олар үшін басты марапат – ән арқылы Ұлы Жеңістің рухын сезініп, болашақ ұрпаққа жеткізу мүмкіндігі.