Skip to content

Ақмола облысында 9 мың бала тегін шығармашылық үйірмелерге қатысады

2025 жылы Ақмола облысында балаларды шығармашылық бағыттағы тегін үйірмелерге тартуға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру жалғасады. Бұл бастама өңірдегі 9 мыңға жуық баланың өнерге еркін қадам басуына және қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді.

Бағдарлама 2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысының бұқаралық балалар шығармашылығын дамыту және «балалар клубтарының» қызметін қайта жандандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.

Облыстық мәдениет басқармасының мәліметінше, осы бағыттағы жұмыстарға биыл облыстық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінген. Мамыр айының өзінде 362 млн теңге игерілген. Үйірмелерді ұйымдастырумен 69 қызмет жеткізуші айналысады. Қазіргі таңда өңірде 277 үйірме жұмыс істейді, оған 8,5 мыңнан астам бала қатысуда.

Үйірмелер Ақмола облысының барлық аудан, қалаларында ашылған. Ең танымал бағыттардың қатарында бейнелеу өнері, вокал, хореография, музыкалық аспаптарда ойнау, театр өнері мен қолданбалы шығармашылық бар.

Шығармашылық топтарға  қатысатын балалар облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. 2025 жылы «Антре&Радуга», «Adagio» секілді шығармашылық студиялар Шымкент қаласындағы халықаралық BI STYLE байқауына және Арқалықтағы республикалық «Балалар аманаты» конкурсына қатысты.

Сонымен қатар, «Шапағат» жеке кәсіпкерлігі жанындағы би ұжымдары Mega Snow, World of Talent, Gulnar Fest халықаралық байқауларында жүлделі орындар иеленсе, «Марғұлан» ұжымы Turkestan Music Festival жеңісінен кейін Дубайда өткен халықаралық фестивальге шақырту алды. «Сәмеке» студиясының балалары БАӘ-де өткен NURLY FEST DUBAI фестивалінде бірінші орын мен Гран-приді жеңіп алды.

Өңірде жаңа бағыттарды дамытуға да ерекше назар аударылып отыр. Мысалы, жеке кәсіпкер Даниярова балаларды заманауи сурет салу техникасына үйретсе, Қосшы қаласындағы «Өнер» жас дарындар академиясында тоқыма, моншақпен жұмыс, киім үлгілеу және тігу бағыттары қамтылған.

Ақмолалық шығармашылық ұжымдар мүмкіндігі шектеулі балалар мен ардагерлерге арналған қайырымдылық концерттерге де белсенді қатысады. Бұл бастама балалардың ғана емес, қоғамның рухани дамуына ықпал етіп отыр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *