2024 жылғы 4 желтоқсан күні Көкшетау қаласы «Достар» мәдениет сарайында Баубек батырдың 200 жылдығына арналған «Азат рухты Баубек батыр» облыстық ақындар айтысы өтті.
Дәстүрлі айтыс өнерін насихаттау, еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігін, қол жеткізген табыстарын, кешегісі мен бүгінгісін жарқыратып жыр жолдарымен өрнектеу, жас ұрпақты халқына, туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу, ұлттық өнерге баулу, ақындардың қабілеттері мен шешендік өнерін шыңдау айтыстың басты мақсаты болды.
Айтысқа Ақмола облысының Көкшетау қаласы мен Аршалы, Бұланды, Бурабай, Зеренді, Ерейментау, Шортанды аудандарынан 16 айтыскер ақын қатысты.
Қазылар алқасының құрамына Ақмола облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының басшысы, қазылар алқасының төрағасы Ермек Нұғыманов, Баубек батырдың ұрпағы Қабиболла Шаяхмет, ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Ақмола облысы бойынша төрағасы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын, жазушы-журналист Серік Жетпісқалиев, айтыскер ақын, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Әлібек Серғалиев енді.
Бас жүлде мен 500 000 теңге сомасындағы ақшалай сертификаттың иегері Мұхамед Қонқаев (Көкшетау қаласы) атанды. Жүлделі І орын мен 300 000 теңге сомасындағы ақшалай сертификатты Екпін Сәбетхан (Зеренді ауданы) иеленсе, ІІ орын мен 200 000 теңге сомасындағы ақшалай сертификат Думан Самат (Көкшетау қаласы) бұйырды. ІІІ орын мен 100 000 теңге сомасындағы ақшалай сертификатты Аякөз Абдуалиева (Көкшетау қаласы) еншіледі.
Сонымен бірге, өзге ақындар да айтысқа белсене қатысқаны үшін ұйымдастыру алқасының дипломдары және 50 000 теңге ақшалай сертификатымен марапатталды.