Байқау ұйымдастырушысы облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы болды.
Көкшетауда өз таланттарын көрсету үшін Ақмола облысының қалалары мен аудандарынан 48 вокалист пен фольклорлық ұжым жиналды. Бұл кеште халық арасында кеңінен таралып, өз заманының шлягері болған әндермен қатар, сирек орындалатын әндері де қайта жаңғырып, көрерменге жол тартты.
Бұл күні облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайында жиналған қауым «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмшінің әндерін қосыла шырқап, тебіреніп, әдемі бір әсерге бөленді.
«Ән аға – Шәмші аға» облыстық байқауының қорытынды гала-концертінде үздік орындаушылар өнер көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен III орынды «Меzzо» вокалдық тобы (Атбасар ауданы) және Орынбасар Жеңісов (Жарқайың ауданы) иеленсе, II орынға Еламан Мұратханов (Степногорск қаласы) лайық деп танылды. Ал, I орынға «Нұрлы саз» вокалдық квартеті (Қорғалжын ауданы) ие болды.
«Айтылмаған ән» номинациясының иегері – «Сазды әуен» фольклорлық ансамблі (Егіндікөл ауданы).
Бас жүлдені «Көкше» мәдениет үйінің әншісі Ақтоты Абдрахман (Көкшетау қаласы) иеленді.
Концерт қонағы, қазақстандық эстрада жұлдызы Ұлықпан Жолдасов көрерменнің зор ықыласына бөленді.