Skip to content

«ӨНЕРДІҢ ҒАЖАП ӘЛЕМІ: АҚМОЛА ЖҰЛДЫЗДАРЫ»

Бурабай аудандық мәдениет үйінде «Ақмола жұлдыздары­­­­ – 2025» аудандық халық шығармашылығы байқауының  ең жарқын сәті Гала-концерт өтті. Биылғы өнер мерекесі қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдулиннің 110 жылдығы, Ұлы Отан соғысының аяқталғанының 80 жылдығы, Қазақстан Ассамблеясының 30 жылдығына арналды.

Гала-концерт шымылдығын мың бұралған бишілеріміз бен дарынды әншілеріміз ашты. Қазақы нақыштағы көркем көрініс барша көрерменді бірден баурап алды. Әрбір өнерпаз туған өлкесінің мақтанышы екенін дәлелдеп, жүрек тербер өнер туындыларын қалың көрерменге ұсынды.

Атаулы мерекеге Бурабай ауданының түкпір-түкпірінен 3000-ға жуық өнерпаздар, қолөнершілер, ауылдық округтердің, мектептердің, колледждердің өкілдері қатысып, әртүрлі жанрларда өнер көрсетті. 

Байқаудың әрбір бөлімі  тамыры тереңге жайылған тарихтың,  ұлттық руханияттың, шығармашылықтың, өнерге деген шексіз құрмет пен халқымыздың мәдениетінің айқын бейнесін көрсетті. 

«Ақмола жұлдыздары» байқауы — ауданымыздың мәдени өміріндегі алатын орны ерекше. Ол жас таланттардың қанатын кеңге жаюына, халық өнерінің, рухани байлығының жаңғыруына, ата-бабамыздан қалған асыл мұрасын сақтап, оны өскелең ұрпаққа дәріптеп жеткізуде үлкен септігін тигізіп келе жатқан өнер әлемі.

 Байқауымыздың жарқын екпіні, сондай-ақ халық өнерінің нағыз келбеті – «Киелі өнердің өшпес ізі» атты көрмесі болды. Көрмеде сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері шеберлерінің төл туындылары, соның ішінде: табиғи материалдардан жасалған, дәстүрлі стильде орындалған бұйымдар мен пішіндер және  картиналары қойылды.

 Ал концерттік бөлігінде қазақ мәдениетінің тарихи мазмұнын бейнелейтін жанрлар орын алды. Көрермендер халық әндердің, күмбірлеген күйлердің әуені мен оркестрлердің, ансамбльдік, хореографиялық, фольклорлық, эстрадалық, хор нөмірлерін сүйсініп тыңдады. Біздің жарық жұлдыздарымыз барша өнерсүйер қауымды ерекше әсерге бөлеп, тәнті етті.

Байқаудың  басты ерекшілігі мен жетістігі – жас таланттардың, жаңа жұлдыздардың – жарқын, өзіндік стилі бар, шығармашылыққа ғашық жандардың ашылуы болды. Атап айтқанда, Ралия Рахымжанова, Камалжан Мұхтархан, Бақытбек Жұмабек, «Селяночка» вокалдық тобы, «Шаттық» би тобы, Тұрмантай Жандос, Капаров Дамир, Қабденова Аружан, Жақсылық Диана, Санжар Дүйсенов, Серік Ернар, Серік Әмина – олар әрқайсысы өз өлкесінің лайықты өкілі болып қана қоймай, өз қабілеттерін көпшілікке паш етуге зор мүмкіндік берді.

Өнер – жүректің тілін табатын тылсым күш, рухты биіктететін асыл құндылық. Ол – адам жанын тербеп, елдің еңсесін көтеретін ұлы күш. Өнер арқылы ұлттың үні, табиғаты, ділі мен дарыны көрініс табады. Осы байқауда халқымыздың өнерге деген шынайы ықыласы, жүректің тереңінен сыр шертетін мәңгілік мұраның құндылығы сезілді.

«Ақмола жұлдыздары» байқауын қорытындылай келе, ауылдық округтер арасындағы келесі жеңімпаздар жүлделі орындарға ие болды:

Бас жүлде – «Оқжетпес» ауылдық мәдениет үйі иеленді.

Жүлделі I орын – «Зеленый бор» ауылдық мәдениет үйі,

II орын –  Ұрымқай ауылының ЖОББМ

III орын – Қызылағаш ауылының Абылайхан атындағы ЖОББМ.

III орын – Кенесары ауылының ЖОББМ

Щучинск қаласының ұжымдары арасындағы келесі жеңімпаздар  марапатталды:

Бас жүлде – №1 мектеп-гимназиясы, 

I орын – Жоғарғы педагогикалық колледжі,

I орын – №8 мектеп-гимназиясы, 

II орын –  Балалар өнер  мектебі

II орын –  «Арман» балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығы

III орын – №9 мектеп-гимназиясы.

III орын – Жоғары техникалық колледжі

Гала-концерт барысында Бурабай ауданы маслихатының төрайымы Нұрпанова  Малика Боранбайқызы сөз сөйлеп, ыстық ықыласын білдірді.

Байқау аясында үздік өнер көрсеткен өнерпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табыстады.

 Мұндай өнер байқаулары – мәдениет пен өнерді дамытудағы, шығармашылыққа жол ашатын шабыт алаңы. Бұл біздің мәдениетіміздің өшпес шежіресі, ұлттық рухтың көрінісі мен жас ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Осындай кештер арқылы халқымыздың өнері мен  мәдениеті жаңғырып, мәңгі жасай бермек. Тағылымы мол рухани іс-шараларымыз алдағы уақытта әлі де жалғасын таппақ.